7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
Отан қорғаушылар күніне орай 5 мамыр күні балалар кітапханасының қызметкерлері «Нағыз батырлар уақыты» атты патриоттық сағат өткізді. Іс-шара танымдық әрі интерактивті форматта өтіп, әңгіме, викторина және кітаптарға шолу элементтерін қамтыды. Қатысушылар Е.А. Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның «Жас сақшы» сыныбының оқушылары. Кездесудің мақсаты - өскелең ұрпақ бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, Отан қорғаушыларға құрмет пен елге деген мақтаныш сезімін арттыру болды. Іс-шара барысында кітапханашы Әубәкірова Ж.Н. оқушыларға мерекенің тарихы, әскери қызметтің маңызы және ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген жандардың ерлігі туралы әңгімеледі. Отан қорғаушылардың ерлігіне, олардың батылдығы, төзімділігі мен парызға адалдығына ерекше назар аударылды. Оқушылар үшін қызықты тапсырмалар дайындалып, соның арқасында олар өз білімдерін жақсы деңгейде көрсете білді. Балалар әңгімеге белсене қатысып, өз ойларын ортаға салып, нағыз Отан қорғаушы қандай болуы керектігі туралы пікір алмасты. Кездесу барысында оқушылар тәртіптілік танытып, бір-біріне құрметпен қарады. Іс-шара аясында «Елдің күші-әскерінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда әскери ерлік, армия тарихы және Отан қорғаушылардың батырлығы туралы кітаптар ұсынылды. Қатысушылар ұсынылған әдебиеттермен қызығушылықпен танысты. Кездесу соңында қатысушылар Отанды қорғау - үлкен мәртебе мен жауапкершілік екенін, ал батырлар туралы естелік ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы тиіс деген қорытындыға келді.
 
Дата публикации: 05.05.2026